Оқушының білімін сырттай ғана бағалайды

Мектеп оқушыларының оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейі мен оқу ордасындағы білім беру сапасын бағалаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Сол жүйе бойынша республика көлемінде іріктеліп алынған мектептердің 9-сынып оқушылары 20 сәуір күні тестілеуден өтті. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) деп аталатын сынақтың бұл түрі осыған дейін қолданыста болған Мемлекетаралық бақылауды (МАБ) алмастырады.

Оқушылардың білімін бағалаудың жаңа жүйесі Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын және «Білім туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға сәйкес енгізіліп отыр. Ал 4 және 9-сынып оқушылары мен 2-курс студенттерін әбігерге салған МАБ алынып тасталды. Білетіндердің айтуынша, ОЖСБ-ның МАБ-тан бірқатар артықшылығы бар. Мәселен, егер МАБ нәти­же­сінде білім беру ұйымы министрлік бел­гілеген ең төменгі көрсеткішке қол жеткізе ал­маса, кезектен тыс мемлекеттік аттес­тат­таудан өтуі тиіс болатын. Ал ОЖСБ-дың еш­қандай құқықтық салдары болмайды екен. Яғни тестілеу нәтижесінен кейін аттестаттау талап етілмейді. Тек кемшілікті мектеп ұжы­мының жоюына мүмкіндік беріледі. Тест қорытындысы оқушының тоқсандық немесе жылдық бағаларына да әсер етпейді.

ОЖСБ-ды жүзеге асыруға уәкілетті орган - Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті болып танылып отыр. Сондықтан әрбір облыс орталығында Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің өңірлік құрылымдары - департаменттер жасақталыпты. Сондай құрылымның бірі - Астана қаласының Білім саласындағы ба­қылау департаментінің директоры Қайрат Әбдібеков елорда мектепте­ріндегі алғашқы тестілеуді өзі барып бақылады.

«Бұл сынақтың мақсаты - білім алушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуді іске асыру, оқу үрдісін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау, білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру қызметтерінің сапасына салыстырмалы талдау жасау» деді Астана қаласының Білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Қайрат Әбдібеков.

Қайрат Айтбекұлы айтқандай, үс­тіміздегі жылы ОЖСБ аясындағы тестілеу республикадағы мектептердің 10 пайызында тәжірибе ретінде өтті. Ал Астанадағы 82 мектептің 8-інде сынақ өтті. Тестілеу барысында 9-сынып оқушылары 4 пәннен тест тапсырды. Тест тапсырмаларының жалпы саны - 80, оның ішінде әрбір пән бойынша - 20 тапсырма бар. Тест сұрақтарын Ұлттық тестілеу орталығы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірлеген. Тестілеуге 120 минут, яғни екі сағат берілді.

Биыл ОЖСБ шеңберіндегі сынақты Астана мен Атырау қаласының оқу­шылары электронды түрде тапсырды. Қал­ған аймақтарда тестілеу қағаз тасымалдағыштармен жүзеге асырылды. Біз өз кезегімізде электронды тестілеуден сынақ тапсырған №60 мектепке бас сұқтық.

Тестілеу арасындағы үзілісте сөзге тартқан 9-сынып оқушысы Меруерт Тоқтарова тестілеудің еш қиындығы жоғын, сұрақтар оқу бағдарламасы бойынша келіп жатқанын жеткізді. «Ең қызығы, біз қай пәннен сынақ тапсыратынымызды алдын ала білмедік. Тек қазақ тілінен міндетті түрде сынақ тапсыратынымыз айтылды. Қалған үш пән құпия түрінде қалды. Өз басым математика, физика және химиядан сұрақ түсетін шығар деп ойлап едім, химия түсті» деген Меруерт сынақ жауабын жазуға берілген уақыт жеткілікті деген пікірін білдірді.

Электронды сынақтың оқушылар өміріне дендеп енгені - ақпараттық заманда аса маңызды. Десе де мына бір жайтты назардан тыс қалдыруға болмас. Мәселен, қағаз жүзінде тест тапсыру кезінде жауабы еске түспеген сұраққа қайта айналып соғуға болады. Ал компьютерде жауабын ұмытыңқырап тұрған сұраққа кері бара алмайсыз, себебі ол жүйе компьютер бағдарламасында қарастырылмаған. Сондықтан ашылған сұрақтың жауабы дұрыс болмаса да белгілеуге тура келеді.

Өйтпегенде 1 пәнге берілген 30 минут аяқталып қалса, тест сұрақтары автоматты түрде жабылып қалады. Ал электронды тестілеудің артықшылығы, тест қорытындысы 1 күнде-ақ белгілі болады. Ал қағазда тапсырған тест нәтижесін 3 күн күтуге тура келеді. Осы тұрғыдан алғанда, электронды тестілеудің бала білімін нақтылы анықтауда әділдігі басым. Сондықтан компьютер білгірлері - бағдарламашылар 30 минут ішінде бастапқы сұрақтың жауабын қайта айналып белгілеу мүмкіндігін ой­лас­тыруы керек сияқты. Оның үстіне, Қайрат Әбдібеков айтқандай, биылғы тестілеу артық-кемін сарапқа салу үшін сынақ ретінде өтіп жатыр емес пе?! Олай болса, электронды тестілеуге маңыз бергенді құптар едік. Себебі ақпараттық технология күн сайын қарыштап да­мып бара жатқан бүгінгі заманда балалардың емтиханды электронды жүйеде тапсырып, әділ баға алғаны - оған ғана емес, қоғамға да пайдалы. 9-сыныпта тестілеудің электронды түрде өтетінін білетін кез келген бала компьютердің тілін терең меңгеруге күш салатын болады. Ал бұл - инновацияға бастар жол алғышарттарының бірі.

aikyn.kz

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.